Ақынның Музасы болған сұлулық иелері күллі әлемнің әсемдігіндей.
8 наурыз қарсаңында қазақ әдебиетіндегі үздік ақындардың махаббат туралы, әйелдер жайлы өлеңдерін топтастырып отырмыз.
Махаббат па?..
Махаббат па?
Махаббат болған еді.
Таудың мен еркін жүрген тағысы едім,
Тапты да,түсірді ғой торға мені.
Махаббат па?
Махаббат болған менде.
Жиі барғам аққулар қонған көлге,
Ал қазір тоңған жүрек,солған кеуде.
Ғашықтық па?
Ғашық та бола білгем.
Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен,
Жанымменен сүйемін,жанарыммен.
Сағыныш па?
Қалай оны тауыса аламын.
Сағынғанмын,шөлдегем,
Ақыры шаршағаным,шаршағаным.
Сүйгенім бе?
Сүйгенім өмірде емес.
Ұйықтасам, түнде түсім, көңілде елес,
Өлгенше кетер емес көңілден еш...
Мұқағали Мақатаев
О, махаббат!
О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Көзімнен ғайып болған күнім едің!
Гүлім едің,
Елтіген түнім едің.
О, махаббат сен әлі тірі ме едің?!
Мен сені ұмытқанмын
Жылытқаның есте жоқ, суытқаның,
Суып қаным,
Жинағам құрып хәлім.
Құлаған отауымның уықтарын,
Содан бері мен сені ұмытқанмын.
О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?
Тірі болсаң, мен де енді тірілемін
Ақ періште алдына жүгінемін,
Қолдай гөр, ғашықтардың пірі мені!
Мұқағали Мақатаев
8 март
Әйелдердің күні дейді бұл күнді,
Бақтар жайнап, сайратады бұлбұлды.
Еркек түгел еркелерге берем деп,
Қолдарына ұстап апты бір гүлді.
Осынау күн - беделі бір өскен күн,
Жұрттың бәрін мен өзіме дос көрдім.
Қай қияға жұмсаса да баратын,
Әйелдерге антын бұзбас әскермін.
Ұмытылмай сонау жастық кездегі
Айтылады махаббаттың сөздері.
Гүлді ерекше ұнатады әйелдер,
Гүлдерге ұқсап тұрғаннан соң өздері.
Көктем алды Алатаудың өңірін,
Таңмен бірге әнге басты Бек інім.
Бір шоқ гүлді менде келем көтеріп,
Күлтайымның алайын деп көңілін.
Тұманбай Молдағалиев
Автор: http://massaget.kz/
Дата: 08.05.2015 в 18:01