Жалғанда жандар жоқ-ау жыламаған, Сүймеген, қуанбаған, құламаған. Ғұмырда жек көру мен жақсы көру — Осындай қос сезімнен тұрады адам... Бұл заңға бағынбайды бір-ақ адам: Жар емес, әке де емес, балаң да емес, Мәңгілік құл болуға шыдар анаң. Тек қана жақсы көріп, сезімінің Қарымын сенен ешбір сұрамаған. Бала үшін құрбан болып сан талайғы, Тұл етер тұрмысты да хан сарайлы. Бала деп бір жүгірсе, онан туған Немере күмістейді сан самайды. "Көңілі жүдейді” деп, балаға айтпай, Келіннің қаңқу сөзін-де арқалайды. Шыдайды бала жанға салса қайғы. Өлгенше ана ғана перзентіне Қызмет етуден бір шаршамайды. Бала деп құлар сайға, жыраға да (Білмедім, мұны бала ұға алама...?), Кешіріп қылмысын да сәбиінің Бала үшін батуға әзір күнәға ана... Аршып ап оттан, судан төзіп, тілеп, Басқа адам өмірбақи жүре ала ма? Кереғар тірлігіңде, ей, адамзат, Не қызық көрсетесің бұл Анаға...?